Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды іс-шара өтті. ЖК «Сейтжанова» «Береке» қоғамдық бірлестігімен серіктестікте, Ордабасы ауданы ішкі саясат бөлімінің қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ордабасы ауданы аумағында үкіметтік емес ұйымдардың үздік әлеуметтік жобаларын қолдау бойынша іс-шараларын ұйымдастыру» жобасы аясында аудан ҮЕҰ өкілдеріне арналған “Қаржы тұрақтылығы. Фандрайзинг” тақырыбында арнайы тренинг ұйымдастырылды.
Тренингтің негізгі мақсаты – азаматтық қоғам институттарының қаржылық сауаттылығын арттыру, ұйымдардың тұрақты дамуына қажетті заманауи құралдармен таныстыру және қосымша қаржы көздерін тарту мүмкіндіктерін түсіндіру болды. Іс-шараға аудан көлеміндегі түрлі қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен белсенді мүшелері қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Оқу барысында қатысушыларға фандрайзингтің негізгі бағыттары мен тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, ұйым қызметіне демеушілер тарту, серіктестік байланыстар орнату, әлеуметтік жобаларды тиімді ұсыну, жергілікті және халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу жолдары туралы кеңінен айтылды. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, грант байқауларына өтінім беру тәртібі, жобалық ұсыныстарды дұрыс әзірлеу тәсілдері мен есептілік жүргізу ережелері бойынша практикалық ақпараттар берілді.
Тренинг барысында халықаралық донор ұйымдардың мүмкіндіктері, гранттық конкурстарға қатысуда жиі кездесетін қателіктер, сондай-ақ ҮЕҰ-ның ұзақ мерзімді қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған үздік тәжірибелер талқыланды. Қатысушылар нақты мысалдар арқылы жобаларды жоспарлау, бюджет жасау және тиімді команда қалыптастыру бағытында пайдалы мәліметтер алды.
Іс-шара интерактивті форматта өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, тәжірибелік тапсырмалар орындады. Мұндай оқыту алаңдары өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға және әлеуметтік бастамаларды сапалы жүзеге асыруына ықпал етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да аудан ҮЕҰ-ларын қолдауға бағытталған оқыту семинарлары мен тәжірибелік кездесулер жалғасатын болады.

