Шымкент және Кентау қалаларындағы трансформатор зауыттары өндірісін арттыруда

49

“Alageum” компаниясына қарасты Кентау трансформатор зауыты және “Asia Trafo” зауытында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур барысында журналистер алдымен Кентау қаласында орналасқан өндірістік орнына барды. Зауыт жылына 12000 дана трансформатор шығаруға қауқарлы. Басқарма Төрағасы  Бауыржан  Худайбергеновтың айтуынша мұндағы жұмыс Жапондық “Кайдзен” жүйесі арқылы жасалады. Бұл жүйе жұмыс сапасын бір шама арттыруға мүмкіндік береді. Трансформатор зауытында бір уақытта 6 адамның жұмысын атқара алатын жапондық «Yaskawa Motoman» дәнекерлеуші-роботы іске қосылған. Қазіргі таңда зауыт қуаттылығы 80 000 кВа дейінгі майлы және құрғақ трансформаторларды, қосалқы станцияларды, төмен және жоғары вольтты ұяшықтарды, вакуумдық ажыратқыштарды шығарады.

Келесі кезекте БАҚ өкілдері Шымкенттегі “Asia Trafo зауытына табан тіреді. Аталмыш кәсіпорын “Alageum Electric” электр машина жасау саласындағы жетекші холдинг құрамына кіреді. Және Орталық Азиядағы кернеуі 110,220,500 кВ қуаты 500 МВА ге дейінгі трансформаторлар шығаратын ең ірі зауыт. Тур аясында журналистерге алғаш рет бірегей жаңа өнім – қуаттылығы 250 000 кВА және кернеуі 500 кВ үш фазалы автотрансформатор көрсетілді. Қазақстан тарихында алғаш рет жасалған автотрансформатордың жалпы ұзындығы 13 метрден асады, ал биіктігі 10 метр.  Бұл Қазақстанда бар автотрансформаторлардың ең ірі түрлерінің бірі. Өнімнің жалпы салмағы 295 тонна.

 

Advertisements