Өз тіліңнен қалай ғана жирендің?!

51

Тарихи еліме келгеніме төрт жылдан асты, бірақ осы уақытқа дейін жанымды жегідей жеп келе жатқан бір дүние бар. Бұны ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мына сөзімен жеткізгім келеді “Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керекпіз” Иә тіл мәселесі, тіл мәртебесі. Яғни қазақ тілінің басқа елде емес Қазақстандағы жағдайы жан ашындырады,бұл мәселені көтерудің өзі ауыр…
2019 жылы Алматыда қазақша сөйлесем адамдар маған үрке қарайтын. Бірде Алматыдан Талғарға жүретін автобусқа отырдым, межелі жеріме таяп қалғанда
– Ағай алдағы аялдамадан тоқтаңызшы. дедім.
Бейне артта біреу концерт қойып жатқандай автобус толған адам маған жалт қарамасы бар ма?! Тіпті мен көліктен түсіп қалғанша ата жауларын көргендей ала көзбен ата қарады, көз қарастары өңменімнен өтіп кетті, сол автобуcдан түскен күйі үйге жылап барғаным есімде.
Келген жылы Орталық Қазақстанға яғни Қарағанды қаласына оқуға түстім. Бұл қаладағы ұлттар құрамы 52.39% қазақ, 31.58% орыс ұлты тұрады екен. Бұл жақта да қазақ тілінің жағдайы мәз емес. Өзімнің шынымен Қазақстанда жүргеніме күмәндана бастадым. Үлкендердің балаларға шаңыраққа қара деп айтатынын жиі естуші едім. Бөкетов университетінің алдындағы желбіреп тұрған көк туға қарап расында өзімнің Қазақ елінде жерінде жүргеніме нанғандай болам.
Арада 4 жыл өтті, көптеген реформалар жүргізілді, жаңа Қазақстан деп жиі айтамыз. Ал, жаңа Қазақсандаға қазақ тілінің жағдайы қаншалықты өзгерді? Бәрі әйтеуір билікті сынап-мінегіш, қазақ тілінің қазіргі жағдайға түсуін 60 жылдардағы билікке әкеп тіреп қояды. Бірақ одан бері қаншама жыл өтті, қаншама қазақ мектептер ашылды, Алада ілгерлеу барма? кейбір ата -аналардың мектепке келіп таза қазақ емес аралас мектеп болуын талап етіп өтініш жазғанын көріп жүрміз.
Қазақ отбасы, қазақ ата-ана өз баласның қазақ тілінде, ана тілінде білім алғанын қаламайды. Қазақ мектебінің білім сапасы төмен, қазақша білiм алса оны ешкім менсінбейді деп ойласа керек. Бұл көпе-көрнеу еліміздің ертеңіне, тіліміздің тағдырына балта шабумен бірдей емеспе?!
Былай ойлайықшы, бала мектеп кезінен орыс тілінде сабақ алды, ЖООда орыс тобын оқыды, мамандығын орыс тілінде аяқтады, кейін ол халыққа қызмет көрсететін орында жұмысқа орналасты. Қарапайм логика: Ол халыққа қазақша сөйлейді деп ойлайсыз ба? Қазақ тілі қағаз жүзінде ғана мемлекеттік тіл, ал оның қоғамдағы орны өзімізге аян.Түрі қазақ, тілі орыс, діліорыс жандар қаншама? Қазақстан көп ұлтқа ортақ дейміз, ал тілі неге ортақ емес?
“Балық тілсіз болсада,халық тілсіз болмайды”, деп Қадір МырзаӘлі атамыз айтқандай тілсіз халық жоқ. Ал біз бар тіліміздің қадірін біліп жүрмізбе?
Әрине көп тіл білген айып емес:
Заман жақсы талай тілді үйрендік,
Қате емес көп тіл сөйлей білгендік.
Өзге тілді даңғыл жолға санасақ ,
Өз тілімізден қалай ғана жирендік.
Қазақ тілін білмейтін шенеуніктердің өзі билік басында әлі көп. Әлеуметтік желіде бұл жағдайлар келекеге айналды. Осы дүрмекпен жүре берсек тіліміздің жағдайы не болмақ? Қазақ тілінің болашағынан қалай алаңдамаймыз?
“Жаңа Қазақстандағы” қазақ тілінің жағдайы осы. Не дерміз…

 

Альфия Досанханқызы
Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті
Журналистика мамандығы 4 курс

Advertisements